Құрылтайда Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин ұйымның өткен жылғы жұмысы туралы есеп берді. Әсіресе, шетелде әдеби аударманы ұйымдастыру орайында біршама ілкімді істер атқарылған екен. Бұл жұмысқа алғаш рет америкалық және ағылшындық кәсіби тәржімашылар тартылыпты. Сөйтіп, Қазақ ПЕН-клубының тапсырысы бойынша Нью-Йорктегі Метрополитен Классик баспасынан өткен жылы Олжас Сүлейменовтің «Сөз кілті», Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үйі», Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» кітаптары ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген. Бұл игілікті іске Катрин Фитцпатрик, Марина Влади, Ихар Козак сынды білікті тәржімашылар білек сыбана кірісіп, өз үлестерін қосқандығы да назардан тыс қалмады.
Бір айтарлығы, осынау әрбір кітап таныстырылым үшін кәдесыйлық сипатта 300 данадан басылып, сондай-ақ интернет-алаңда орналастырылған.
Сөйтіп, бұл арада кітапты Amazon, Barnes&Noble, Ingram арқылы әлемнің кез келген түкпірінен сатып алуға болады. Кітаптар тапсырыс берушінің қалауы бойынша, жұмсақ мұқабалы нұсқада да, сондай-ақ электронды пішімде де жіберіле береді. Таныстырылымдық даналар АҚШ-тың ірі кітапханаларына, еліміздің мәдениеті мен тілі оқытылатын университеттер мен колледждерге, орталық баспаларға, АҚШ-тағы Қазақстан елшілігіне және Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы өкілдігіне таратылып берілгені де құба-құп.
Аталмыш кітаптар 2016 жылдың қыркүйек-қазан айларында Галицияда (Испания) халықаралық ПЕН отырыстарында және Франкфурттегі кітап жәрмеңкесінде таныстырылып, талғампаз қауымға көзайым етілген болатын. Алғашқы пікірлерден-ақ бұл кітаптардың әлем оқырманына ұнай бастағанын байқағандаймыз. Баспа рецензентінің О.Сүлейменовтің кітабына берген бағасы баршамызға мерей. Ал «Аңыздың ақыры» романы туралы америкалық сыншының ғажап пікірін Әбіш ағаның ести алмай кеткені қандай өкінішті десеңізші!
Интернет-портал арқылы кітап сату басталып та кетіпті. Осы ретте өткен жылдың қарашасында Смағұл Елубаевтың кітабы Амазонда «Апта кітабы» деп танылуы қазақ жазушыларының мұхиттың ар жағындағы әлеуетін айқын аңдатқандай.
Сондай-ақ, 2016 жылы орыс және қазақ тілдерінде жас қазақстандық прозашылардың қос томдығы шығарылған. Қазақ ПЕН-клубының делегациясы бірқатар халықаралық іс-шараларға қатысқан. Құрылтайда Фархат Тамендаров пен Нұртөре Жүсіп Қазақ ПЕН-клубының вице-президенттері болып сайланды. Сонымен қатар, канадалық Mosaic Press баспасымен келісімге қол қойылғандығы жария етілді. Сөйтіп, «Біз – қазақтар...» сериясымен кітап шығару жөніндегі жұмыс жалғасын таппақ. Бұл жоба аясында отандық авторлардың таңдаулы шығармалары ағылшын тіліне аударылып, АҚШ пен Ұлыбританияда жарық көрмек. Осы орайда соңғы тұсауы кесілген кітаптардың бірі Герольд Бельгердің таңдамалысы екендігін айтқан ләзім.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
Толығырақ: https://egemen.kz/article/qazaq-kitaby-%E2%80%93-amerikada
Ìåòêè ê ñòàòüå: по новости